Орталық Азия елдеріндегі банктердің Ресейден төлем қабылдаудан бас тарту көрсеткіші бір айда 30 пайызға өсті. Бұл туралы РБК агенттігі хабарлады.
Ақпарат агенттігі ПЭК, Digital ВЭД, GTL және Logita Trade секілді логистикалық компаниялардың мәліметіне сүйенген.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы банктер қайта салынған санкциялардан сескеніп, төлем өткізу мерзімін бес күннен екі аптаға дейін созған. Енді ресейлік компаняларға Орталық Азия арқылы Қытайға төлем өткізу үшін көбірек мәлімет тапсыруға тура келеді. Осындай мәселе 2023 жылы пайда болып, 2024 жылы қиындап кеткен. Бұған АҚШ санкциясы себеп болған.
Осының алдында ресейлік компаниялар Қытай банктері арқылы төлем өткізудің қиындағанын мәлімдеген. 2023 жылғы жазда Ресейдегі қаржы ұйымдары Еуропа мен АҚШ-қа Bank of China арқылы төлем өткізе алмай қалған, ал биыл ақпанда Chouzhou Commercial Ресеймен есеп айырысуды доғарған.
9 сәуірде АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Пекинде баспасөз конференциясын өткізіп, Ресейден тауар экспорттауға көмектесетін қытай банктері америкалық санкцияға ұшырауы мүмкін екенін ескерткен.
Осының алдында АҚШ Ресей тауарларын экспорттауға салынған тыйымды бұзғаны үшін бірнеше қытай компаниясына қарсы санкция салған.