НАТО бейсенбі күні одаққа мүше елдердің аумағына қасақана шабуылдау белгілері байқалмағанын мәлімдеді. Бұған дейін Румыния аумағынан ресейлік дронның бөлшектері табылған. Бұл жөнінде Reuters жазды.
Румынияның қорғаныс министрлігі Украинаның портты Измаил қаласына жақын Дунай жағалауындағы Плауру ауылынан ресейлік "Герань-2" дронының бөлшектері табылғанын айтқан.
Осыдан кейін Румынияның әуе кеңістігін күзету бойынша НАТО миссиясына қатысатын екі F-18 жойғыш ұшағы әуеге көтерілген.
Дронның өзге бөлшектері іздестіріліп жатыр. Румынияның қорғаныс министрлігінің айтуынша, дрондар құлауы мүмкін аумақ тұрғын үй аудандарынан алшақ жатыр, ешқандай инфрақұрылым бүлінбеген.