Қазақстанда атом электр станциясын салуға қарсы кампания ұйымдастырған бастамашыл топ 24-25 шілдеде мәлімдеме жасады. Бастамашыл топ құрамында Қазақстанның түкпір-түкпірінен экологтар, экологиялық құқық бойынша сарапшылар, қоғам белсенділері бар.
Мәлімдеме мәтіні "Қазақстанның экофорумы" парақшасында жарияланды. Онда бастамашыл топ өкілдері АЭС бойынша шешім қабылдау процесінде "міндетті халықаралық құқық нормалары сақталмай отырғандығы" байқалғанын айтқан. Бұған қоса "атқарушы билік азаматтардың еркін таңдау процесіне өрескел араласып отырғандығы" жазылған.
Мәлімдеме авторларының пікірінше, аймақтарда АЭС бойынша жария талқылаулар үстірт өтіп жатыр. Олардың айтуынша, энергетика министрлігі мен АЭС-ті жақтаушылар АЭС салу идеясын "белсенді түрде қоғамға таңып жатыр", ал тыңдаулар кезінде АЭС қажеттігін айтатын спикерлер толымды ақпараты жоқ зерттеулерге сүйенеді. Экологтар азаматтарды радиация мен АЭС-ті насихаттаушыларға "жоқ" деп айтуға шақырды.
Энергетика министрлігі әзірге мәлімдемеге түсініктеме берген жоқ.
Мәлімдеме авторларының пікірінше, АЭС құрылысы Қазақстанды ірі қарызға батырып қана қоймай, технологияны жеткізуші елге тәуелді етуі мүмкін, халықтың өмірін қатерге тігуі ықтимал.
Кампанияға қатысушылар "АЭС – керек емес!" атты платформа құрған. Олардың айтуынша, бұл платформа жақтастарын жинап, алдағы АЭС бойынша референдум кезінде бұрмалаушылыққа жол бермес үшін дайындалуға мүмкіндік бермек.
—Бізде референдум сайлау сияқты қысқа уақыт аралығында өтеді. Референдум туралы конституциялық заңға сәйкес, президенттің тиісті жарлығы қабылданған күннен бастап бір айдан үш айға дейінгі аралықта өтеді. Біз бір айдан кейін болады деп күтеміз. Бір айда халықты жұмылдыру өте қиын, сондықтан референдумға жақсырақ дайындалу үшін осындай үндеу жарияладық. Билік үшін біздің іс-әрекетіміз күтпеген нәрсе емес. Біз ешқандай ерекше реакция күтпейміз, — деді Азаттыққа экологиялық құқық және климат бойынша сарапшы, бастамашыл топ өкілдерінің бірі Вадим Ни.
27 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС бойынша референдум биыл күзде өтетінін айтқан. Нақты мерзімі айтылған жоқ.
АЭС-ті Балқаш көлінің жағасында Алматы облысы Үлкен ауылында салуды ұсынып отыр. Билік "соңғы шешімді халық қабылдайды" деп мәлімдеген. Референдум алдында әртүрлі аймақта жария талқылаулар өтіп жатыр. Талқылау кезінде сараапшылар Қазақстанға не үшін АЭС керектігін түсіндіреді.
Your browser doesn’t support HTML5