Ақтөбе облысында полицейлердің қатысы бар ірі жол апатынан кейін жеті қызметкер лауазымдарынан босатылды.
Полицияның хабарлауынша, 23 шілдеде сағат 00:50 шамасында KIA көлігінің жүргізушісі Ақжар-1 ауылы аумағындағы айналма жолда жүріп келе жатып, велосипед айдап келе жатқан ерлі-зайыптыны қағып кеткен.
Көлікте 34 жастағы қалалық полиция бөлімінің қызметкері болған. Алдын ала ақпарат бойынша, ол мас күйінде рөлге отырып, көлікті басқара алмай қалған. Telegram-арналарының хабарлауынша, 25-26 жастағы ерлі-зайыпты қаза болған.
Ақпаратқа қарағанда, жүргізуші оқиға орнынан жасырынуға ұмтылған, бірақ кейін полицияға берілген.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті көлік жүргізушісі ұсталғанын растады. Полицияның айтуынша, "екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол ережесін бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұл жол апаты жөнінде ақпарат бастапқыда әлеуметтік желіде тараған.
Қызметтік тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесінде жеті қызметкер лауазымдарынан босатылды деп хабарлады Ақтөбе облысының полициясы.