Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах Парижде жазғы Олимпиада ойындарының ашылуы кезінде диктор оңтүстіккореялық делегацияны "Корей халық-демократиялық республикасының" өкілдері деп екі рет атағаны үшін Оңтүстік Кореяның басшысы Юн Сук Елден кешірім сұрады. "Корея халық-демократиялық республикасы" – бұл Солтүстік Кореяның ресми атауы.
Телетрансляцияның титрында қателік жоқ - Оңтүстік Корея "Корея республикасы" деп аталды. Алайда спортшылар парадында делегацияны таныстыру кезінде республиканың аты қате аталды.
Оңтүстік Кореяның спорт министрлігі ресми түрде протест білдірді. ХОК қателік жібергенін мойындады. Халықаралық олимпиада комитеті Х-тегі парақшасында корей тілінде кешірім сұрады. Ізінше ХОК президенті Томас Бах Оңтүстік Кореяның басшысына хабарласып, кешірім сұрағаны белгілі болды. ХОК басшысы ұзақ уақыт бойы екі бөлек мемлекет болған Германияның азаматы ретінде корей халқының сезімін түсінетінін айтқан.
ХОК сонымен бірге Кореяның олимпиадалық туы да дұрыс ілінбегеніне өкініш білдірген. Ұйымның өкілі Марк Адамс бұған дейін төртсағаттық шоуды мінсіз өткізу қиын болғанын айтқан.
26 шілде кешке Парижде өткен салтанатты ашылуды мақтағандар да бар, сынағандар да бар. Франция католиктік шіркеуінің өкілдері дрэг-квин мен жартылай жалаңаш әншінің перформанстарында Леонардо да Винчидің "Жасырын кешкілік" ("Тайная вечеря") туындысының мотивтері қолданылғанына өкініш білдірді.
Француз епископтарының конференциясы мұны "христиан дінін келемеждеу" деп мәлімдеді. Әлеуметтік желіде бірқатар танымал тұлғалар мен саясаткерлер де мұны айыптады. "Жасырын кешкілікке" пародияны айыптауда Ресейдің ресми тұлғалары мен кремльшіл блогерлері ерекше белсенділік танытты. Олар ЛГБТ өкілдерінің намысына тиетін сөз айтып, Батысты "сатанизмге" дем беріп отыр деп кінәлады.
Ресми ашылудың режиссері Тома Жолли мен ұйымдастырушылар комитетінің жетекшісі Тони Эстанге шоудың мақсаты біреудің сеніміне нұқсан келтіру емес, еркіндік, ашықтық, алуандық тәрізді құндылықтарға назар аударту болған деді.