Париж олимпиадасында сексист сөз айтқан тілші қызметтен шеттетілді

Eurosport телеарнасының комментаторы Боб Баллардты Австралияның әйел спортшыларына сексист мәлімдеме айтқаны үшін Париж олимпиадасындағы жұмысынан шеттетті.

"Әйелдер енді ғана аяқтады. Олардың қандай екенін білесіздер ғой... Олар сенделіп жүреді, боянады", – деді Баллард төрт жүз метрге еркін әдіспен жүзуден әйелдер эстафетасын хабарлап жатқанда.

Оның әріптесі Лиззи Симмондс мәлімдемені "ерсі" деп атап, кейбір ер адам да солай істейді деді.

"Кеше түнде Eurosport эфирі кезінде комментатор Боб Баллард орынсыз пікір айтты. Осыған байланысты ол комментаторлар қатарынан дереу алынды", – деді телекомпания БАҚ-қа берген мәлімдемесінде.

Баллард бұл жағдайға байланысты әлі жауап берген жоқ.

Баллард пен Симмондс хабарлап отырған ойында Австралия спортшылары эстафетада жеңіске жеткен.

Париждегі жазғы олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Медаль бойынша қазір Жапония көш бастап, одан кейінгі орындарда Австралия мен АҚШ тұр.

Олимпиадаға қатысып жатқан спортшылардың 49 пайызы – әйел.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Париж-2024. Ашылу салтанатының кереметін көрсететін фотолар