Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) Қазақстан азаматтарының жеке дерегі тағы тарап кетті деп хабарлады. Орталық мәліметінше, өткен аптада Telegram мессенджерінде қолданушы BreachForums атты хакерлер форумындағы деректің бәрін желіге жария еткен.
Форум 2022 жылдан 2023 жылға дейін зиян тигізетін бағдарламалар мен ұрланған деректерді сатумен танымал болған. Оған Қазақстаннан 15 хакер тіркелген.
ЦАРКА 2022 жылғы 29 қарашаға дейінгі деректер жария болғанын айтты. Оның ішінде қолданушы идентификаторлары, кілтсөздер, жеке хаттар, форум несиелерін сатып алуға пайдаланған криптовалюта дерегі мен сайттағы хабарламалардың бәрі бар.
Олардың қатарынан Spark атты көлік-логистика компаниясының деректері, Шәкәрім университеті студенттері мен талапкерлерінің дерегі, 2022 жылғы 24 маусымдағы B2B 2GIS Қазақстан мәліметтері, Yandex Food пен 2021 жылғы Fonbet-тің Қазақстан мен Ресейдегі пайдаланушыларының деректері табылған.
TSARKA Group-тың негізін қалаған Олжас Сәтиев жария болған ақпаратта форум қатысушылары жіберген түрлі хат бар, олардың бірінде Қазақстандағы маңызды банктің дерекқоры бұзылғаны айтылған деді. Оның сөзінше, мәліметтер базасымен құқық қорғау органдары айналысып жатыр.
Қазақстанда жеке деректердің қорғалмағаны жиі сөз болады. Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік техникалық қызметі Zaimer.kz микроқаржы ұйымында 2 млн клиенттің жеке дерегі "қолды болғанын" хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, компания серверіне шабуыл жасалған, азаматтардың жеке деректері (аты-жөні, электрон жәшігі, жеке құжатының нөмірі, жұмыс орны, мекенжайы, банк есепшотының нөмірі) телеграмға жарияланып кеткен.
Your browser doesn’t support HTML5