Сәденов: жол апатынан жыл сайын екі мыңнан аса адам мерт болады

Балқаш - Приозерск жолында болған жол апаты. 19 тамыз, 2023 жыл.

30 шілдеде Қазақстан ішкі істер министрі Ержан Сәденов үкімет отырысында жол қауіпсіздігі бойынша баяндама жасап, жыл сайын елде екі мыңнан аса адам жол апатынан опат болады деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, жолаушы тасымалдау саласы қауіпті деңгейде тұр.

"Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін ұйықтамай, демалмастан көлік айдайды. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы тексерілмейді. Осылайша адам өміріне қауіп төндіреді" деді Сәденов үкімет отырысында.

Сәденовтің айтуынша, Қазақстандағы республикалық жолдардың тек 3 пайызы қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Ол Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстарындағы жолда адам өлімі деңгейі жоғары деп айтты.

Министр елде шұғыл түрде төрт және одан да көп жолағы бар алты мың шақырымнан астам жол салу қажет деді. Ол "жылдам жүруді жөн көретіндерге жазаны күшейтеміз" деді.

Сәденовтің сөзінше, жол апатының 85 пайызы елді мекендерде, адам қазасының төрттен бірі – жаяу адамды қағып кетуден болады. Ол бұған жаяулар жүретін жол, жарық, тротуар жоқтығы себеп болады деді.

"Ел бойынша шамамен 600 бағдаршам өткелі, 15 мың шақырымға жарық және 60 мың шақырымға тротуар қажет", – деді министр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Апат мектебіміздің қаймағын сыпырып кетті". Ырғыздағы оқушылар қазасы мектептердегі автобус мәселесін көрсетті

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Азаттыққа жарықтандыру проблемалары жол апатына душар етіп жатқанын растаған еді.

"2023 жылы Өскеменде қараңғы мезгілде жасанды жарық жетіспейтін учаскелерде 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 1 адам қаза тауып, 16 адам зардап шекті. Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы әкімдіктеріне қосымша сыртқы жарықтандыру желілерін салу, жер үстіндегі жаяулар өткелдерін жоғары жарықтандырғыштармен жабдықтау, жаяу адам өткелін қосымша жарықтандыру жөнінде ұсыныстар жолданды", – деді полиция департаменті жазбаша берген жауабында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жарыққа миллиардтаған несие жұмсаған қалада көше неге тас қараңғы?