Венесуэлада президент сайлаудың ресми қорытындысына наразылық қақтығысқа ұласты

Венесуэла қауіпсіздік күштері жексенбідегі президент сайлауының ресми қорытындысына келіспейтін демонстранттарға қарсы жас ағызатын газ шашып, резіңке оқ атты. Ресми қорытындыда сайлауда ел президенті Николас Мадуро жеңіске жеткені жазылған.

29 шілде кешке Каракас қаласы орталығына мыңдаған адам жиналды, кейбірі таулардағы лашықтан президент сарайына дейін жаяу барған. Олар дөңгелектерді, қоқыстар мен көліктерді өртеген. Демонстранттар Мадуроның қалада ілінген суреттерін жыртып-жұлып тастаған деді BBC тілшісі.

Президент сарайы маңындағы көшелерді жапқан полиция мен әскери адамдар демонстранттарға пластик оқ атып, жас ағызатын газ шашқан. Бұған жауап ретінде наразы жұрт оларға тас пен жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырған.

Венесуэладағы тәртіпсіздік кезінде кемінде бір адам қаза тапқан, бұл туралы құқық қорғаушыларға сүйенген AFP агенттігі хабарлады. Олардың мәліметінше, 46 адам ұсталған. Елдің қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопес X желісінде 23 әскери қызметкер жараланды деп жазды. Ол неше демонстрант зардап шеккенін айтпады.

AFP агенттігінің жазуынша, оппозиция басшыларынан ешкім жұртты көшеге қарсылық білдіріп шығуға шақырмаған, наразылық өздігінен басталған.

Дүйсенбіге қараған түні Мадуроның бақылауындағы Ұлттық сайлау кеңесі жексенбіде өткен сайлауда қазіргі президент 51,2 пайыз дауыс жинады деп хабарлады.

Оппозиция Мадуроның жеңісін алаяқтық деп атап, өз кандидаты Эдмундо Гонсалес 73 пайыздан аса дауыс жинады деп мәлімдеді.

Мадуро айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, оның қайта сайлануына наразылықты шетелдік державалар бастамасымен "фашист және контрреволюция күштері" ұйымдастырған төңкеріс жасау әрекеті деп атады.

Кем дегенде 12 мемлекет Венесуэладағы президент сайлауы қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеді. Олар Америка мемлекеттері ұйымының тұрақты кеңесін шұғыл шақыруды талап етті. Ол жиын сәрсенбіде Вашингтонда өтеді.

Венесуэла өз президентін сайлау қорытындысын мойындамаған Латын Америкасы елдеріндегі – Аргентина, Чили, Коста-Рика, Перу, Панама, Уругвай және Доминикан Республикасынан дипломаттарын шақырып жатқанын айтты.

Ресей, Куба, Гондурас пен Боливия Мадуроны жеңісімен құттықтады.