Ресейде биыл қыркүйекте Мәскеу мен Екатеринбургте өтеді деп жоспарланған "Дүниежүзілік достық ойындарын" 2025 жылға қалдыруды ұсынды.
Бұл ұсынысты осы ойынды ресми ұйымдастырушы – Халықаралық достық қауымдастығы жасады. Хабарламада мұндай шешімге "бірқатар спортшымен және халықаралық спорт федерацияларымен кеңескеннен кейін" келгенін айтқан.
"Турнир уақытын қайта қарауға 2024 жылы жазда ірі халықаралық турнирлерге қатысатын жетекші спортшылардың қалыпқа келетін уақыты аз болғаны түрткі болды", – делінген хабарламада. Ақпаратқа қарағанда, "Достық ойындарының" уақытын кейінге қалдыруды әлі Ресей үкіметімен келісу керек.
Ресей билігі мен ұйымдастырушылар бұл жарысқа 70 елден спортшы қатысып, 33 спорт түрінен сынға түседі деген. Ақпарат құралдары Ресей билігі іс-шараны ұйымдастыруға 8 млрд рубльден аса қаржы бөлді деп хабарлаған.
"Достық ойындарын" Париж олимпиадасынан екі айдан аз уақыттан кейін өткізбекші болған еді. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусьті спорт жарыстарынан шеттеткен.
Бұған дейін ХОК президенті Томас Бах "Ресей билігі саяси жарыс ұйымдастырмақ" деп сын айтқан.
Ресей билігінің өкілдері "Достық ойындарын" өткізу уақытын ауыстыруға байланысты әзірше ешқандай пікір білдірген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің "ойындарына" Қазақстанның қатысуы қаншалық қауіпті?