HRW: Шыңжаңда ұйғыр тарихымен астасып жатқан шамамен 630 ауылдың аты өзгертілді

Көшеге қойылған ауыр әскери техника. Шыңжаң.

Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіне қарасты 630 ауылдың атауын өзгертті. Бұл жөнінде Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Норвегияда орналасқан Uyghur help ұйымымен бірлескен зерттеуінде жариялады.

"Қытай билігі ұйғырлардың тарихымен астасып жатқан, ұйғырлар үшін мағынасы маңызды жүздеген ауылдың атауын өзгертті", - деп жазған HRW Қытай бойынша директор міндетін атқарушы Майя Ванг.

Зерттеу мәліметінше, 2009-2023 жылдар аралығында Қытай билігі Шыңжаңдағы 25 мың елді мекеннің 3600-інің атауын өзгерткен. 630 ауылдың атауынан діни терминдер мен ұйғыр тарихы мен мәдениетімен байланыстыратын сөздер алынған. Атап айтқанда, ұйғырлар тарихындағы қайраткерлердің есімдерін алып тастаған. Сонымен бірге орда, сұлтан және дутар деген сөздерді де жойған.

Майя Ванг бұл өзгерістерді қытай үкіметінің ұйғыр мәдениеті мен тарихын жою талпынысы деп санайды.

Зерттеушілер бұл өзгерістер жергілікті тұрғындарға қалай әсер еткенін нақты білмейді. Бірақ сол ауылдарда тұратын 11 ұйғыр өкілінің пікірін сұрауға мүмкіндік алған. Жергілікті тұрғынның бірінің айтуынша, "қайта тәрбиелеу лагерінен" шыққаннан кейін, билет алар кезде, ауылының атын таппай қиналған. Мұндай қиындықтар мемлекеттік қызмет алу үшін тіркелер кезде де болған.

Құқық қорғаушылардың зерттеуінше, елді мекендердің басым бөлігінің атауы 2017–2019 жылдары өзгертілген. Дәл сол шақта Қытай билігі Шыңжаңда тұратын байырғы халық өкілдерін – негізінен мұсылмандарды қудалап, "қайта тәрбиелеу лагерлеріне" қамаған.

Қытай билігі мұндай орталықтарды экстремизм және терроризмге қарсы "кәсіпке баулу орталықтары" деп атаған. Алайда лагерь азабын көргендер мұндай мекемелердің түрме режиміне ұқсас екенін, онда жұмысқа күштеп жегу, азаптау барын, коммунистік идеологияны насихаттайтынын айтқан.

2022 жылы БҰҰ Жоғарғы комиссары Шыңжаңда адам құқығы бұзылып жатқаны жөнінде баяндамасын жариялаған. Тұтқындар өздерін "жолбарыс орындығына" отырғызатынын, электр таяқтармен ұрып-соққанын, бір адамдық камерада ұзақ уақыт ұстағанын, суға тұншықтырып, азаптағанын айтқан.