Ресей Украинаға тағы да дрон мен ракета жаудырды

Киевте атып түсірілген дрон. Көрнекі сурет.

31 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға тағы да дрон және ракета жаудырды. Украина әскері мұны соғыс басталғалы бергі ең ірі шабуылдардың бірі деп атады.

Украина әуе күштерінің мәліметінше, түнде Ресей Украинаға 89 дрон жіберіп, бір ракета ұшыраған. Олардың барлығы атып түсірілген: 40-тан астам дрон Киевке жақындағанда құлатылған. Киевте әуе дабылы жеті сағат бойы жалғасқан.

"Бұл шілде айында Киевке жасалған жетінші шабуыл. Ұшырылған дрондар саны жағынан бұл 2024 жылдағы ең ірі шабуыл" деп хабарлады Киев әкімшілігі.

Днепропетровск облысында дрон және артиллерия соққысының салдарынан бір әлеуметтік мекеме мен екі көлік бүлінген. Қалған аймақтардың билігі дрондар шабуылынан ешкім зардап шекпегенін айтты.

Бұған дейін Ресей жаңа жыл түні Украинаға осылайша дрон жаудырған еді.

  • Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірген. БҰҰ мәліметінше, екі жылдан астам уақыт ішінде Украинада ондаған мың бейбіт тұрғын опат болған, 20 мыңнан астам адам жараланған. БҰҰ сонымен бірге Ресей әскерінің түрлі қылмыстарын (дарға асу, адам ұрлау, азаптау, дөрекі қатынас, күштеп ұстау) құжатқа түсірген.
  • Киев экономика мектебінің мәліметінше, екі жылда Украинада 250 мыңнан астам үй, бірнеше мың балабақша, мектеп, аурухана, музей қираған немесе бүлінген, 25 мыңнан астам жол бұзылған. Барлық жылу станциялары мен гидроэлектрстанцияларына соққы тиген. 200 мыңнан астам жеңіл көлік, бірнеше мың қоғамдық көлік пен арнайы техника жойылған. Баяндамада жалпы 157,2 млрд доллар шығын келгені айтылады.