Қытай 1 қыркүйектен бастап әскери мақсатта қолданылуы мүмкін барлық дрон экспортын шектейді. Бұл жөнінде Қытай сауда министрлігі хабарлады.
"Мұндай шешім жаппай жою қаруларын таратуда дрондарды қолдануға жол бермеу мақсатында қабылданды" деп жазылған мәліметте.
Министрліктің бұл мәлімдемесі АҚШ пен одақтастары Қытайды Ресейге әскери тауарларды "жеткізіп жатқаны үшін" сынға алып жатқан тұста жасалды.
Бір күн бұрын АҚШ-тың қаржы министрлігіне қарайтын активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Иранның баллистикалық зымырандар және дрондар бағдарламасы үшін негізгі компонеттерді сатып алуға жәрдем беріп жатқан компанияларға (оның ішінде қытай компаниялары да бар) санкция салған.
НАТО жетекшілерінің шілде басында жариялаған бірлескен декларациясында Ресейдің Украинаға қарсы соғысында Қытай "шешуші фактор" екені, себебі Пекиннің Мәскеумен "шексіз" әріптестігі және оның "Ресейдің қорғаныс өнеркәсіп базасын қолдауы" – Мәскеуге соғысты ұзартуға мүмкіндік туғызып жатқаны жазылған.
Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, Украинадағы соғыс кезінде Қытай Ресейге қару-жарақ, оның ішінде зымырандарға қажетті бөлшектерді тасымалдаушы негізгі елге айналған.