Қонаев сотында журналист Думан Мұхаммедкәрім "соңғы сөзін" айтты

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім (сол жақта) мен оның әкесі Алмаз Тілепов.

1 тамызда Қонаев сотында журналист Думан Мұхаммедкәрім "соңғы сөзін" айтты. Сот жабық өтті. Журналистің жақтастары мен ақпарат құралдары бірнеше сағат бойы сыртта күтіп тұрды.

- Бүгін Думан "соңғы сөзін" айтты. Ол тағылған айыптарды жоққа шығарып, кінәсі дәлелденбегенін жеткізді. Өзінің ешқандай заң бұзбағанын айтып, наразылық білдірді. Сот аяқталды, – деді адвокат Төлеген Берліқожа.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім сотта "билікті сынағаным рас, Қазақстан дамуы үшін сынадым, бұл қылмыс емес" деп айтқан.

Думан Мұхаммедкәрімге үкім ертең, 2 тамызда кешкі сағат алтыда оқылады.

Адвокаттардың айтуынша, сот хатшысы үкім ашық немесе жабық оқылатынын қосымша хабарлауға уәде берген.

Думан Мұхаммедкәрімді сот ғимаратынан көлікпен алып бара жатқанда жақтастары "Бостандық!" деп айқайлады.

Бұған дейін прокурор журналисті жеті жылға бостандығынан айырып, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраған еді.

Бейсенбі күні Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан белсенділер мен журналисті полиция жолда бөгеп, артынша босатқан. Ақпартатқа қарағанда, полиция белсенді Абзал Достияровқа "заңсыз митингіге қатысу" (488-бап) бабы бойынша хаттама толтырып, сот басталуына аз қалғанда босатқан. Кейін Қонаев қаласына кіреберісте белсендіні ұстап әкетті.

Оның әйелі Дана Сәрсенбай Facebook желісінде "Абзал Достиярды қайда алып кеткені, қазір қандай жағдайда екені белгісіз. Адвокат Төлеген Берліқожа Абзалдың қала бөлімшелерінде жоқ екенін айтты. Әзірге іздеп жатыр" деп жазды.

Полиция әзірге түсініктее берген жоқ.

"Не дейді?" YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім "Экстремизмді қаржыландырды" және "Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған.

Құқық қорғаушылар "саясиланған іс" деп таныған журналистің жабық соты биыл ақпан айында басталған. Сот кезінде Думан Мұхаммедкәрім "тағылған айыпты жала" деп атап, "конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын" айтып, сотты "цирк" деп атаған еді. Журналист бұл менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып" деген. Ізінше прокурор сотты жабық өткізуді өтініп, судья қанағаттандырған. Журналистің жақтастары, белсенділер соттың жабық өтуіне қарсы болған.

Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналист Думан Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Думан Мұхаммедкәрім саяси ортада Қаңтар оқиғасынан кейін кеңінен таныла түсті. Ол – кемі 238 адамның өмірін қиған қырғын кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан хабар таратқан санаулы журналистің бірі.

Қаңтар қырғынынан кейін Думан Мұхаммедкәрім YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы жүздеген материал жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұхаммедкәрімнің арнасын жұрт жиі қарайтын болды.