1 тамызда Түркістан облысы Төле би аудандық сотында прокурор соттан «тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты» деп күдікке ілінген азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаевтың бас бостандығын бір жылға айырып, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды, жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтеуді сұрады.
Ал Татаев сотта "Zoom арқылы Әблязовпен амандасу" және “балалардың жәрдемақысын көтеру” туралы әлеуметтік мәселе көтеріп, әлеуметтік желіге тікелей эфирге шығу "қылмыс саналса, онда айыпты мойындаймын" деді. Оның қорғаушысы қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты істі қысқартуды сұрады.
Прокуратура мәліметінше, «Татаев Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және «Көше» партиясының жетекшісі Мұхтар Әблязовпен 2021 жылы Zoom арқылы сөйлесіп, аталған ұйымның ісіне қатысқанын”, кейіннен Facebook парақшасында “әр балаға 70 мың теңге талап ету үшін халық болып үндеу жариялауға шақыруды қамтитын видео жариялап” тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысын жалғастырған. Осылайша "тыйым салынған ұйымның ісіне араласып", заң бұзған (405-бап, 2-бөлігі).
Сот психологиялық-филологиялық сараптама Татаевтың сөзінде “экстремистік ұйымның қызметіне қатысу белгілері бар” деп қорытынды жасаған. Айыптау қорытындысына сүйенсек, Татаевтың өзі 2020 жылы ақпан айында Астанадағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің үйінен келе жатып, Әблязовпен Zoom арқылы байланысқа шығып, сөйлескенін айтқан.
17 шілдеде сот тергеуі басталғанда Татаевтың адвокаты оқиға үш жыл бұрын болғанын алға тартып, қылмыстық істі қозғау мерзімі өтіп кеткенін мәлімдеген. Ал судья "мән-жайды сотта қараймыз" деп жауап берген еді.
Сот жарыссөзден соң үзіліс жариялады. Татаевтан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.
Азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаев алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған жоқ. Былтыр оған қарсы "есірткі, психотроптық заттармен заңсыз айналысу" және "ескірті сақтау" баптарымен қылмыстық іс қозғалып, кейін іс қысқарған. Мұны адвокат сот отырысы басталған кезде айтқан. Бірақ іс қысқарылуының себебін түсіндірмеген. Татаев ол кезде айыпты мойындамаған және бұл істі азаматтық белсенділігімен байланыстырған.
Нұрлыбай Татаев – кейінгі бірнеше жылда түрлі митингіге қатысып, билікті сынап жүрген белсенді.