Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан белсенділер мен журналисті полиция жолда бөгеді

Полиция журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан белсенділер мен журналистерді жібермей тұр. Алматы облысы, 1 тамыз 2024 жыл.

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан белсенділер мен журналисті полиция жібермей, жолда бөгеді. Бұл жөнінде белсенді Абзал Достияровтың әйелі Дана Сәрсенбай әлеуметтік желіде хабарлады. Достияровтың өзі Facebook-та тікелей эфирге шықты.

Видеода жол бойында полиция көлігі мен белсенділер мінген көлік және оның айналасында бірнеше адам жиналып тұрғаны көрінеді. Екі полицей қандай да бір қағаз толтырып жатыр.

Абзал Достияровтың айтуынша, ақылы шлагбаумнан өткеннен кейін полиция тоқтатып, "ара қашықтықты сақтамай келе жатсыздар" деп ескерткен. Белсенділер қайта жолға шыққан кезде көп ұзамай оларды қуып жетіп, тоқтатқан.

"Міне, жедел топ бізді ұстап тұр. Бізді Қонаевтағы сотқа жеткізбейін деген сияқты" деді белсенді видеода.

Белсендінің көлігінде Qazaq Times тілшісі Қойшыбек Мүбәрак, құқық қорғаушы Ринат Рафкат және тағы бір белсенді болған.

Түскі үшке таман қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы полицияның Абзал Достияровты жібергенін хабарлады. Оның сөзінше, полиция белсендіге "заңсыз митингіге қатысу" (488-бап) бабы бойынша хаттама толтырған. Ізінше босатқан.

Бейсенбі күні сот алдында тіркелмеген “Атажұрт” партиясының жетекшісі Бекзат Мақсұтханды да полиция түске таман үйінен ұстап әкеткені белгілі болды. Бұл жөнінде оның қарындасы Нәзигүл Мақсұтхан хабарлады. Мақсұтханның ұсталуына соттың қатысы бар-жоғы белгісіз.

“Есіктің алдынан алып кеткен. Ештеңе де түсіндірмеген. Қазір қай полиция бөлімінде екені белгісіз болып тұр” деді Нәзигүл Мақсұтхан.

Оның сөзінше, бұған дейін полициядан ешқандай шақырту қағазы келмеген. Бірақ екі күн бұрын сот орындаушысы оған хабарласып, "төленбеген айыппұлдарыңыз бар" деп ескерткен.

Азаттық әзірге полициядан түсініктеме ала алмады.

Бүгін сағат үште Қонаевта журналист Думан Мұхаммедкәрімнің соты өтеді. Ол "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған. Билікті өткір сынап жүрген журналист өзіне тағылған айыптармен үзілді-кесілді келіспейді және өзін билікті сынағаны үшін қудалап отыр деп санайды.

Құқық қорғаушылар істің саяси астары барын айтқан, журналистің өзін "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" барын мойындамайды.