Азаматтық белсенді Абзал Достияров 20 тәулікке қамалды. Оны 1 тамыз күні Алматы облысы Қонаев қаласында журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына бара жатқан жолда полиция ұстап әкеткен.
Белсендіні кешке қарай Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы полиция бөлімшесіне апарып соттаған. Оны әкімшілік кодекстің "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" бабының (488-баптың 11-тармағы) бойынша жауапқа тартқан. Сотқа қатысқан адвокат Төлеген Берліқожаның айтуынша, Достияровқа 15 шілде күні Қонаев қаласында журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сот процесі кезінде "заңсыз митингіге қатысты" деп айып таққан. Оны Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы уақытша изоляторға апарып қамауы мүмкін.
Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай сот шешімін әділетсіз деп бағалады. Достияровтың Facebook парағында жарияланған видеода Сәрсенбай сотқа қатысқанын, айыптаушы тараптың нақты дәлел көрсете алмағанын айтады. Оның сөзінше, билік журналист Думан Мұхаммедкәрімге шығуы тиіс үкімге қоғамның қарсылығы күшейіп кете ме деп қауіптенген соң осындай қадамға барып отыр.
1 тамыз күні Қонаевта журналист Думан Мұхаммедкәрімге сот үкім шығаруы мүмкін екені айтылған. Бірақ үкім оқу 2 тамызға шегерілді. Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталған. Журналист бұны жоққа шығарады, істің саяси астары бар деп есептейді.
Достияров дәл осы баппен биыл наурыз айында да 20 тәулік Шонжыдағы абақтыда отырып шыққан. Онда да белсендіні журналист Думан Мұхаммедкәрімнің 1 наурыздағы сотында "заңсыз митинг ұйымдастырды" деп кінәлаған. Белсенді митинг ұйымдастырмағанын, сотқа өзінің You Tube арнасына хабар тарату үшін барғанын айтып, айыпты мойындамаған. Достияров былтыр қыркүйекте де осындай айып бойынша 15 тәулік абақтыда отырған.
Абзал Достияров – Қазақстан билігін сынап танылған азаматтық белсенді. Ол соңғы бірнеше жыл саясаткер Жанболат Мамайдың жанында жүріп, түрлі митингілерге қатысып көзге түсті. Бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, түрлі мерзімге қамалған.