Кремль Вадим Красиковтің Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қатысы барын мойындады. Красиков Германияда бұрынғы шешен командирін өлтіргені үшін кінәлі танылып, өмір бойы түрмеге кесілген. Бұған дейін Мәскеу оның арнайы қызметке қатысы барын мойындамаған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, Красиков Путиннің күзетшілерімен бірге "Альфа" бөлімінде істеген. Красиковтің ФСБ-ға қатысы бұған дейін Азаттықтың Орыс қызметінің зерттеуінде айтылды. Германия федералдық прокуратурасы бұрынғы шешен командирін өлтіруге Ресей билігі тапсырыс берген деп мәлімдеген, Мәскеу мұны мойындамаған.
2 тамыз күнгі сұхбатында Песков сонымен бірге Словенияда сотталған ерлі-зайыпты Артем және Анна Дульцевтердің Ресей барлау қызметіне істегенін мойындады. Оның сөзінше, олар рәсімделмеген тыңшы болған, ал олардың балалары ата-аналарының Ресейге қатысы барын Мәскеуге ұшып бара жатқан кезде естіген. Словенияда ерлі-зайыптылар өздерін аргентиналықпыз деп таныстырған.
Путин Красиков пен Дульцевтерді және өзге де айырбасталған ресейліктерді Внуково-2 әуежайында қарсы қалды.
Песковтың сөзінше, Мәскеу мен Вашингтон арасында тұтқын алмасу бойынша келіссөздерді ФСБ мен ЦРУ жүргізген. Песков Путиннің Внуковода тұтқындарды қарсы алуын «еліне қызмет еткен адамдарға көрсетілген құрмет» деп түсіндірді.
Батыс елдерінің билігі Еуропа мен АҚШ-та қылмыс жасады деп айыпталған Ресейдің сегіз азаматын босатқан. Олардың арасында Красиков пен Дульцевтерден бөлек, Норвегия мен Польшада айыпталған Михаил Микушин мен Павел Рубцов, АҚШ-та хакерлік шабуыл жасағаны үшін ұзақ жылға сотталған, мемлекеттік дума депутаты Валерия Селезневтің ұлы Роман Селезнев те бар.