АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин 2 тамызда 2001 жылғы 11 қыркүйектегі теракт ісі бойынша үш айыпталушымен сотқа дейінгі келісімнің күшін жойды. Ондай келісім жасалғаны екі күн бұрын хабарланған.
Келісім Гуантанамо әскери сотының әскери комиссия кураторы мен үш айыпталушы – Халид Шейх Мұхаммед, Валид бен Атташ және Мустафа әл-Хавсави арасында жасалған. Прокуратураның мәліметінше, үшеуінің де шамамен 3 мың адам қаза болған 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі терактіге қатысы бар.
Айыпталушылар Гуантанамодағы әскери базаға қарасты түрмеде 2006 жылдан бері қамауда отыр. Сот процесі ұзақ жылдарға созылып келеді. Айыпталушылар бұған дейін өздерінің азапталғанын айтқан, сол себепті олардың жауаптары сотта пайдаланылуы мүмкін емес екені айтылған. Сотқа дейінгі келісімде егер айыпталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындаса, прокуратура оларға өлім жазасын сұрамайтыны айтылған.
Алайда бұл келісімді қаза болғандардың кейбірінің туыстары және бірқатар конгрессмендер сынады. Сенаттағы республикашылдардың жетекшісі Митч Макконнелл прокуратура шешімін "үкіметтің Американы қорғау және әділдікті қамтамасыз ету жауапкершілігін елемеуінің жиіркенішті көрінісі" деп атады. Сенатқа аталған келісімнің күшін жоюға бағытталған заң жобасы енгізілді.
Қорғаныс министрлігінің шешімі сотқа дейінгі тыңдауларға дайындалып жатқан адвокаттарды тіксінтті. Олар қорғаныс министрлігі "құқықтық процедуралармен санаспайды" деп қынжылды.
Мұндай келісім жойылғаннан кейін енді іс сотқа жетіп, айыпталушыларға өлім жазасы берілуі мүмкін.