"Хезболла" түнде Израильдің солтүстігін ондаған ракетамен атқылады

Ливанда шоғырланған "Хезболла" радикал тобы жексенбіге қараған түні Израильдің солтүстігін ракетамен атқылады. Израиль қорғаныс министрлігі ондаған ракета жөнінде айтты. Басым бөлігі атып түсірілген, кейірі елді мекендерден тыс жерге құлаған. Зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ.

Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне ракетамен соққы жасады. Израиль әскерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ракеталар Израильді атқылап жүрген Ливан қондырғыларына және "Хезболла" шоғырланған орындарға түскен.

Бұған дейін Иран 31 шілдеде Тегеранда өлтірілген ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) жетекшілерінің бірі Исмаил Ханияның қазасы үшін Израильден "кек алатынын" мәлімдеген. Иран Ливандағы "Хезболланы" да қаржыландырады. Израиль Ханияның өлімін мойнына алмаған.

Израиль және АҚШ-тың ресми тұлғаларына сүйенген The Jerusalem Post басылымының жазуынша, Иран Израильді дүйсенбі күні жаппай соққылауы мүмкін.