Ресейде СМС-хат арқылы азаматтарды жаппай Украинадағы соғысқа шақырып жатыр

Ресейде азаматтарға Украинадағы соғысқа шақырған СМС-хаттар келе бастады. Хабарлама 117 нөмірінен түскен. Бәріне келген мәтін бірдей: "қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жаса да, 800 мың рубль мен жеңілдіктерге ие бол. 117-ге хабарлас!".

СМС-хат келгенін «Медуза» және SOTA сайттарының оқырмандары хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігінің ресми ресурстары да осы нөмірге хабарласуға шақырып, азаматтарды соғысқа белсене тартып жатыр деп жазды «Сибирь.Реалии» сайты.

Бейсенбі күні "Телекомдағы" дереккөздерге сүйенген ресейлік Telegram-арналар мұндай СМС-хаттарды 1 тамыздан бастап Ресейдегі барлық операторлар азаматтарға жіберетінін жазды.

BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" зерттеуі бойынша Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыста кемінде 61 009 ресейлік қаза болған. Бұл аты-жөні анықталып, ашық дереккөздерде қазасы туралы ақпарат жарияланған адамдардың саны. Соғыста қаза болғандар одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.