Батыс Қазақстан облысында шаруалар қуаңшылық пен киіктерге шағынды

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов (оң жақта) шаруалармен кездесуде. Орал, 5 тамыз, 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі аудандардан Орал қаласына жиналған ондаған шаруа жем-шөп тапшы болса, мал жаппай қырылуы мүмкін деп мәлімдеді. Олар мұның себебін қуаңшылық пен саны артқан киіктен көреді.

Кемі бес ауданның шаруалары сенат, мәжіліс депутаттарымен және әкімдік өкілдерімен кездесуге ауыл шаруашылығы басқармасына барды.

– Оңтүстіктегі аудандарда, Бөкей ордасы, Жәнібекте жем-шөппен 100 пайыз проблема бар. Ешкім шара қолданбады, біз төрт аудан бойынша штаб құрдық, оған тағы екеуі – Ақжайық пен Тасқала ауданы қосылды. Мемлекеттік органдарға қайырылдық, ұзақ уақыт келіссөз болды, облыс әкімімен де кездестік, – деді Жәнібек ауданының шаруасы Бауыржан Сабанов.

Бұған дейін шаруалардың бастамашыл тобы митинг өткізуге хабарлама жіберген, бірақ рұқсат ала алмаған. Олар петиция да бастаған, әзірге 50 мың қол жинай алмаған.

Қазір облыстағы Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған. Ал Казталов пен Ақжайық ауданында төтенше жағдай тәртібі ішінара енгізілген, бұл аудандарда жем-шөп жеткізу мәселесі өзекті болып тұр.

– Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін бәрі заңға сәйкес рәсімде өтіп жатыр. Мұнда киіктер мәселесін одан әрі шешуге жиналдық. Қазір басқармалардың, экология және ауыл шаруашылығы министрліктерінің ешқайсы шара қолданбай отыр. Біз киіктерді өзіміз-ақ реттей аламыз, – деді Сабанов кездесуде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Төтенше жағдай жарияланған аймақ: Ресей су жібергеннен кейін қауіп күшейе түсті

Шаруалар малшылар мен өздерін қолдайтын тексерілген механизм жоқ деді.

– Әкімдік "мал басын азайтыңыз" деген ұсыныс жасады. 30 жылда оны көбейтуге арналған көптеген бағдарлама, субсидия мен жеңілдігі бар несие болды. Енді бізге сонша жыл еңбектен кейін малымыздан арылуды ұсынып отыр, – деді Бөкей ордасы ауданының тұрғыны Еркін Жабанов.

Жабанов облыстың оңтүстіктегі аудандарында үш жылдан бері қуаңшылық байқалады, бұрын шаруалар қысқа шөп жинап, қамданып алатын деді. Оның айтуынша, қазір жайылымдарда шөп жоқ.

– Күз сайын бізден "сізде қанша шөп бар?" деп сұрайды. Олар "ауданда қанша жем бар екенін есептейміз" дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Ол менің жемім емес пе? Ауданның жем-шөбі ауданның қоймасында сақталмай ма? Әрине, мүмкіндік болса, мен оны жұртқа бере аламын, бірақ ол қордағы жем емес, – деді Жабанов.

Жиналыс шамамен үш сағатқа созылды, көбіне шаруалар сұрақ қойды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Киік санын реттеудің балама жолы бар ма?

Кездесуге қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов шаруалардың мәселесі "жайлап" шешіліп жатыр деді.

– Бізге ренжіп жүрсіздер, бірақ бәрі жайлап шешіліп жатыр, анықталып жатыр. Екі ауданда мәжбүрлі түрде төтенше жағдай режимі енгізілді, бірақ ол мәселенің бәрін толық шеше алмайды. Биыл киік мәселесі шешімін таппай отыр. Қоршаулар, субсидия мәселесі шешілмеген соң біз төтенше жағдай режимін енгізуге мәжбүр болдық, – деді Айтмұхамбетов.

Киіктердің 98 пайызы Қазақстанда өмір сүреді. Қазақстан үкіметі былтыр 337 мың киікті аулау немесе ату арқылы санын реттеу жоспарын жария еткен. Үкімет киік саны 1,9 миллионға жетті, олар егіс алқаптарды жайпап жатыр деген фермерлердің шағымынан кейін осы қадамға барған.

Киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар бұған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатыр" деп айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үкімет киікті әлі атқыза бермек. Ғалымдар неден қауіп етеді?