Шымкент қаласының полиция департаменті "зорлық көрген соң өзіне қол салып, ауруханаға түскен" апалы-сіңлілі екі қыздың оқиғасына байланысты үш бап бойынша іс қозғады. Бұл іске күдікті ретінде екі адам ұсталды деді полиция Азаттыққа.
6 тамызда "НеМолчи.kz" қоры Instagram-да Шымкенттегі Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының қызметкері жазған хатты жариялады. Оған сәйкес, төрт ай бұрын 15 және 21 жастағы апалы-сіңлілі екі қызды әлдекімдер зорлап, оны видеоға түсірген, оқиға туралы тіс жаратын болса, интернетке жариялайтынын айтқан. Хатта "зорлық жасағандардың бірі – полиция қызметкері" деп жазылған.
Жақында екі қыз дәрі ішіп, өзіне қол салып, ауруханаға түскен. Ақпаратқа қарағанда, оларды Түркістан облысы Сайрам ауданынан жеткізген.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалуына байланысты екі қыздың денсаулығы жөнінде пікір бере алмаймыз деді.
Полиция департаменті оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" (105-бап), "Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" (122-бап) және "Қорқытып алу" бабы (194-бап) бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу бастаған.
Күдікті ретінде екі адам ұсталып, қамалған. Күдіктілердің бірі – полиция емес, ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнің бұрынғы қызметкері деді Шымкент қаласының полиция департаменті.
Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы деректерге қарағанда, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында елде әйелдерге қатысты 16 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Оның бес мыңнан астамы ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мені полиция зорлады". Қарағандылық қыз жәбірленгенін бір жылдан бері дәлелдей алмай жүр