Нигер Украинамен арадағы дипломатиялық байланысын үзіп, Киевті "террористік топтарды қолдады" деп айыптады. Екі күн бұрын Мали үкіметі осындай шешім қабылдаған.
Нигер билігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Украинаның "агрессиясын" арнайы отырыста талқылауды сұрауға ниетті. Мұндай мәлімдемені Нигер үкіметінің ресми өкілі теледидардан сөйлеп хабарлады.
France-24 арнасы Нигер мен Малиді төңкеріс жасап, жақында билікке келген әскери үкіметтер басқарады, екі ел де Франциямен арадағы қорғаныс келісімінен шығып, Ресейден әскери көмек сұрады деп хабарлады.
"Мали үкіметімен және халқымен толық ниеттес Нигер үкіметі өз егемендігіне арқа сүйеп, Нигер мен Украина арасындағы дипломатиялық байланыстарды үзуге шешім қабылдады. Бұл шешім бірден күшіне енеді" делінген үкімет қаулысында.
Мали билігі Украина бас барлау басқармасының өкілі Андрей Юсовтың мәлімдемесінен кейін Киевпен дипломатиялық қатынасын үзді. Юсов шілденің аяғында Мали әскері мен ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери тобына шабуыл жасаған туарег тайпасы көтерілісшілері "қажет ақпарат" алды деп айтқан. Юсов бұл жағдайға байланысты әзірге пікір білдірмеді деді France-24.
5 тамызда Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Киев "халықаралық құқық нормаларын сақтайды" және "Мали өтпелі үкіметінің айыптауларын қатаң түрде қабылдамайды" деді. Министр Бамаконың (Мали астанасы) "асығыс" шешіміне "өкінетінін" мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мали билігі Украинамен дипломатиялық қатынас бұзылды деп мәлімдеді