Қонаев қалалық әкімшілік соты “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталған зейнеткер Байбақ Біләловке 77,5 мың теңге (162,5 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салды. Сот шешіміне сүйенсек, 27 шілдеде түсте Қонаев сотының алдында Біләлов қамаудағы журналист "Думан Мұхамедкәрімге қолдау көрсету мақсатында “заңсыз жиынға” қатысқан".
Сот кезінде адвокат Жанар Балғабаева Біләловтің ешқандай митингіге қатыспағанын – плакат көтеріп, ұран тастап, сөз сөйлемегенін айтқан. Адвокаттың сөзінше, зейнеткер 27 шілдеде күні бойы ғимарат маңындағы сәкіде отырған, себебі сотқа ешкім кіргізілмеген. Ол жерде одан бөлек көп адам болған.
Сот шешім 2 тамызда шыққан, алайда ақпарат құралдарына ол 8 тамызда белгілі болды.
Белсенділердің туыстарының айтуынша, өткен аптада журналист Думан Мұхаммедкәрімге үкім оқылар тұста Алматы қаласы мен облысында кемінде 9 белсенді ұсталып, 10-20 тәулікке қамалған. Бұлар: Абзал Достияров (20 тәулік), Жеткіншек Жұмақанов (10 тәулік), Бауыржан Атинбаев (20 тәулік), Руслан Кемелбаев (20 тәулік), Досжан Қуаныш (20 тәулік), Бақытжан Илипбаев (15 тәулік), Аңсар Кәкеев (15 тәулік), Ерлан Кеңесбаев (20 тәулік), Бекзат Мақсұтхан (10 тәулік).
Өткен аптада Қонаев соты "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған журналист Думан Мұхаммедкәрімді кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Журналист өзіне тағылған айыптардан үзілді-кесілді бас тартып, өзін "билікті сынағаны үшін қудалағанын, шындықты айтқаны үшін абақтыға түскенін" айтқан.
Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.
Your browser doesn’t support HTML5