Жапониядағы жер сілкінісіне байланысты премьер Фумио Кисида Қазақстанға сапарын шегерді

Фумио Кисида

Жапония премьер-министрі Фумио Кисида жұма күні Орталық Азияға сапарын шегеріп, Тынық мұхитында жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін деген қауіпті ескертулер тараған шақта қауіпсіздік шараларына жетекшілік жасауға кірісті. Бұл жөнінде Reuters жазды.

8 тамызда Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю аралында магнитудасы 7,1 және 6,9 болатын екі жер сілкінісі тіркелген. Бұдан кейін жапон билігі цунами болуы мүмкін деп ескертті. Жапон метеорология агенттігі елдің Тынық мұхиты жағалауында 100-150 жылда бір рет кездесетін қатты жер сілкіністері болуы мүмкін деп мәлімдеді.

"Дайындық жұмыстары мен коммуникация ойдағыдай екеніне көз жеткізу үшін келесі аптаға дейін елде қалуды жөн көрдім" деді Кисида баспасөз жиыны кезінде.

Дегенмен ескерту жүйесі уақыт тұрғысынан алғанда жер сілкінісі немесе эвакуацияға қатысты нақты ештеңе айтпаған.

Жапонияның Қазақстандағы елшілігі де хабарлама таратып, жұма күнгі 21.00-ге белгіленген жапон премьерінің қатысуымен өтетін брифинг өтпейтінін мәлімдеді.

Жапон премьері Фумио Кисида 9 тамызда Астанада "Орталық Азия + Жапония" саммитіне қатысуы керек Астанаға кешеден бері Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан президенттері келіп қойған.

NHK арнасының хабарлауынша, Жапония үкіметі Орталық Азия елдерінің басшыларымен онлайн кездесу өткізуі ықтимал. Жапон премьерінің Қазақстан, Өзбекстан және Моңғолияға сапары жұмадан дүйсенбіге дейін жалғасуы тиіс болған.

"Орталық Азия + Жапония" диалогы дейтін кездесу тәртібі 2004 жылы басталып, қатысушы елдердің сыртқы істер министрлері және олардың орынбасарлары осыған дейін 16 рет бас қосқан. Биыл кездесу алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде өтпек.

Бұған дейін кейбір халықаралық басылымдар Жапония Орталық Азияны Еуропамен Каспий теңізі арқылы жалғайтын сауда жолын қалыптастыруға үлес қосуды көздеп отыр деп жазған. Бұл бағыт сәтті іске асса, бұл құрлықта Ресейді айналып өтетін сауда жолы болмақ.

Кей сарапшылардың пікірінше, сыртқы мүдде тұрғысынан, Орталық Азия Жапония үшін сондай елеулі аймақ емес. Орталық Азияны Ресей мен Қытайдың ықпал аймағы көреді. Оның үстіне Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарағанда, Орталық Азия мемлекеттерінің халқы аз, сатып алу күші төмен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Токио Орталық Азияның аймақ ретінде бірге болғанын қалайды". Жапон премьерінің Астанаға сапары