9 тамызда Астанада Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі өтті. Онда аймақтық әріптестік, су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану қажеттігі, аймақтың көлік-транзит әлеуетін арттыру және басқа мәселелер талқыланды. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
Ақорданың жазуынша, Орталық Азияның бес елі арасында сауда көлемі 11 млрд долларға жеткен, бұл көрсеткішті әрі қарай арттыру қажеттігі айтылды. Одан бөлек, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілету маңыздылығы сөз болды.
– Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз, – деді Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзбекстан президенті сайтының жазуынша, саммит кезінде Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Украина мен Таяу Шығыстағы жағдай аймақтың тұрақты дамуына тікелей әсер етіп отырғанын айтып, дәстүрлі сауда-көлік тізбектері бұзылғанын атап көрсеткен.
"Біз санкция саясатының тұтқынына айналдық, логистикалық шығын артты, инфляциялық қысым көбейді. Халықаралық капитал нарығында мүмкіндіктер ауқымы тарылып, протекционизм күшейіп, жаңа кедергілер көбейіп жатыр" деді Шавкат Мирзияев.
Жиында өзге мәселелермен қатар су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де талқыланған. Аймақта су ресурсына қатысты даулар туындап тұрады. Мысалы, былтыр судың 80 пайызын Қырғызстаннан алып отырған Қазақстанның Жамбыл облысының 6 ауданында су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланып, біраз шаруа өнімінен қағылған. Дәл осы тұста қазақ-қырғыз шекарасында кезек пайда болып, Қазақстан "су жібермей қойған Қырғызстанды жазалап жатыр" деген сөз де айтылған.
Жұма күні Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі кезінде Қазақстан жағы "суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керектігін" айтқан.
– Орталық Азия елдеріне арналған су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады, – деді Қазақстан басшысы.
Саммит соңында бірқатар құжаттарға қол қойылған. Олардың тізімі ресми сайтта жарияланды.
9 тамызда Астанада "Орталық Азия + Жапония" саммиті де өтуі керек болған. Алайда Жапониядағы қуатты жер сілкінісіне байланысты жапон премьері Фумио Кисида Орталық Азияға сапарын шегеріп, табиғи апат кезіндегі қауіпсіздік шараларына жетекшілік еткен.
Бұған дейін кейбір халықаралық басылымдар Жапония Орталық Азияны Еуропамен Каспий теңізі арқылы жалғайтын сауда жолын қалыптастыруға үлес қосуды көздеп отыр деп жазған. Бұл бағыт сәтті іске асса, бұл құрлықта Ресейді айналып өтетін сауда жолы болмақ деп айтылады.
Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі 2018 жылдан бері өтіп келеді. Мұндай кездесуде ОА басшылары аймақ үшін маңызды мәселелерді талқылайды. Ашық дереккөздерде саммиттің құрметті төрағасы Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені жазылған. Алайда ол 2019 жылдан бері саммитке қатыспаған. Саммитке төрағалық ету Өзбекстанға берілді.