Ақтөбе облысында жол апатынан қаза болған 8 адам жерленді

Самара - Шымкент тас жолында болған көлік апаты. 7 тамыз 2024 жыл.

9 тамыз жұма күні Ақтөбе облысында екі күн бұрын жол апатынан қаза болған 8 адам жерленді. Бес бала және олардың жаттықтырушысы мен тағы бір ересек адам тұрғылықты жері Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылындағы қорымға қойылған. Жол апатына ұшыраған такси жүргізушісі де осы ауылдың тумасы.

- Toyota Ipsum көлігінің жүргізуші Артур есімді азамат Ақтөбе қаласында тұрған. Жүргізушіден өзге жеті адамның жаназасы бүгін Қарашатау ауылында болды, - дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.

Балаларды футбол жарысына апара жатып қаза болған Жандос Әбілқаев Қарашатау орта мектебінде 15 жыл дене шынықтыру пәнінен сабақ берген.

Футболшы балалар мінген жеңіл көлікке Ақтөбеге 100 шақырымдай қалғанда MAN маркалы жүк көлігі соғылған.

Бүгін Хромтау аудандық сотының қаулысымен “қарсы бағытқа шығып кетіп, екі немесе одан да көп адамның өліміне себепкер болды” деп айыпталған MAN жүк көлігінің жүргізушісі екі айға қамалды. Күдікті 1987 жылы туған, Беларусь елінің азаматы.

7 тамыз күні Самара-Шымкент тас жолының 862-ші шақырымында MAN маркалы жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Ipsum автокөлігінде жалпы сегіз адам болған. Барлығы оқиға орнында қаза болды. Toyota Ipsum салонындағы сегіз адамның бесеуі бала.

Футболшы балалар Қарашатаудан Ақтөбеге дейін таксимен, одан әрі пойызға отырып Маңғыстау облысындағы ауыл балалары арасындағы футбол турниріне бармақ болған.

Ақтөбе облысының спорт басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, ауыл балалары арасындағы футбол турнирі 10-11 тамызда Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында өтеді деп жоспарланған. Жарыстың ұйымдастырушысы- «Халық» қайырымдылық қоры. Маңғыстау облысының әкімдігі ақтөбелік балалардың қазасынан кейін жарыстың өтпейтінін хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында биыл алғашқы жеті айда 392 жол апаты тіркеліп, 80 адам қаза болған, 535 адам жарақаттанған.