Израиль Газадағы мектепке соққы жасап, жүзден астам адам қаза болды. Ондаған адам жараланды. Бұл жөнінде ХАМАС тобы бақылауындағы Газа секторының билігіне сүйенген Reuters жазды. ХАМАС тобын ЕО мен АҚШ террористік ұйым деп таныған.
Израиль мектепте ХАМАС-тың командалық орталығы орналасқанын айтып, соққы жасағанын мойындады. Израиль ХАМАС-тың мектептер мен тұрғын үйлерді база ретінде пайдаланғанын сөгіп, босқындардың өліміне қарулы топты кінәлады.
Associated Press агенттігінің жазуынша, соққы он ай ішіндегі Израиль-ХАМАС соғысының ең бір қанды кезеңінің көрінісі. Мектепте соғыстың салдарынан баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған палестиналықтар болған. Куәгерлердің сөзінше, соққы ескертусіз сенбі күні күн шықпай тұрып жұрт намаз оқып жатқан шақта жасалған. Ғимаратқа екі ракета түскен деп айтылады.
- Былтыр күзде Израиль елдің оңтүстігіне шабуыл жасаған ХАМАС тобының әрекетіне қарымта ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылынан 1200-ден аса адам қаза тапқан, 250-ден астам адамды ХАМАС күштері Газа секторына күштеп алып кеткен. Кейбірі әлі күнге дейін тұтқыннан босаған жоқ. Израиль ХАМАС-тың көзін толық жоймайынша әскери қимылды тоқтатпайтынын айтып отыр.
- ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі бірнеше айға созылған соғыста 40 мыңнан астам палестиналық қаза болды деп мәлімдеді. Дегенмен мұны растайтын тәуелсіз дереккөз жоқ. Екі миллионға жуық адам үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болған.