Bloomberg: Қазақстан Қашаған операторларынан өндіретін өтемақыны 160 млрд долларға жеткізді

Қазақстан Қашағанды игеруші компаниялардан өндіріп алғысы келетін өтемақы көлемін 160 млрд долларға дейін арттырды деп жазды дереккөзге сүйенген Bloomberg.

Былтыр көктемде Қазақстан Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) консорциумынан "тендер тәртібін бұзғаны үшін", "келісімшарттағы міндеттемелерді толық орындамағаны үшін" халықаралық сот арқылы 15 млрд доллар өтемақы өндіруге тырысқаны хабарланған. Биыл көктемде Қазақстан сол өтемақы көлемін 150 млрд долларға дейін арттырған. Енді тағы 10 млрд долларға ұлғайтып отыр.

"Ел кейбір келісімдерге жемқорлық араласқанын айтқаннан кейін арбитраждық шағымда көрсетілген өтемақы құны 160 млрд доллардан асты" деп жазды басылым.

Өтемақы құны тағы да артуы мүмкін екені айтылады. Тараптардың ешқайсысы Bloomberg-ке түсініктеме бермеген.

Каспий қайраңында, Атыраудан 80 шақырым жерде орналасқан Қашаған кен орны North Caspian Operating Company компаниясына қарайды. Консорциум америкалық Shell, Exxon Mobil, қазақстандық "ҚазМұнайГаз", еуропалық Eni және Total компанияларынан құралған. Қашағанда мұнай өндіру 2016 жылы басталды. Ресми дерек бойынша, кен қоры – 4,8 млрд тонна, жоба операторының мәліметінше, 6 млрд тонна.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан билігі мен Қашаған операторлары арасында соттар 2020 жылдан бері жиілеген. Бірнеше жыл бұрын Қашаған акционерлері мемлекетті сотқа беріп, "салықты тексеру жұмыстарына" қарсы шыққан, бюджетке де қатысты талас болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Қашаған мен Қарашығанақтағы мұнай өндіруші компаниялармен неге соттасып жатыр?