Мәскеудегі қазақ қауымдастығының жетекшісіне "фейк таратты" деген айып тағылды

Полат Джамалов

Мәскеудегі қазақ қауымдастығының жетекшісі Полат Джамаловқа "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айып тағылып, сот бұлтартпас шара түрін белгіледі.

Мәскеудің Останкин аудандық соты Джамаловқа белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салды деп жазды Мәскеудің жалпы юрисдикция соты. Мәселе нақты қандай әрекет жөнінде әңгіме болып отырғаны белгісіз.

Тергеу органдарының мәліметінше, Джамалов "өз әрекеттерінің заңға қайшы және қоғамға қауіпті екенін біле тұрып, Ресей әскері мен биліктің беделіне нұқсан келтіретінін түсіне отырып" интернет желісінде "шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат" жариялаған.

Полат Джамаловтың тергеліп жатқанын ақпарат құралдары биыл жыл басында хабарлаған. "Верстка" басылымы Ресей тергеу комитетінің жабық баяндамасына сүйене отырып, Мәскеудегі қазақ қауымдастығының жетекшісінің үстінен "әскери фейк" (Ресей қылмыстық кодексінің 207.3-бабы, 1-бөлігі) ісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жазған. Журналистердің мәліметінше, іс 2023 жылы қыркүйекте қозғалған.

Қылмыстық іс қозғауға "2022 жылдың тамызына дейін Украинада Ресейдің 48 759 солдаты өлген" дейтін құжат фотосын Джамалов Facebook парақшасына шығарғаны себеп болған.

Бұл құжатты Ресей қаржы министрінің орынбасары Ирина Окладникова вице-премьер Дмитрий Григоренкоға жіберген-міс. Джамалов "арнаулы әскери операция басталғалы күн сайын өлгендердің орта есебі - 8132 … ақша есепті жақсы көреді" деп жазған.

Басылымның айтуына қарағанда, Джамалов мұнан өзге 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының құрамында Ресей әскерінің Қазақстанға кіргізілгенін сынап, оны басқыншылық деп атаған.

2024 жылдың басында Ресей тергеу комитеті былтыр "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату" бабы бойынша 90 қылмыстық іс қозғалғанын, ал аталған бап енгізілгелі бері 273 іс тіркелгенін мәлімдеген. Ресейде қорғаныс министрлігінің ресми ақпаратына қайшы кез келген тұжырым "әскери фейк" саналады.