Сербия астанасы Белградта полиция литий өндірісін арттыруға наразылық танытып жатқан демонстранттарды қаладағы екі вокзалдан қуды. Сенбі күні бірнеше мың адам орталық вокзал мен жаңа вокзалда пойыздардың қозғалысына кедергі келтірген. Олар жолға тұрып алып, пойыздардың жүруіне мүмкіндік бермеген.
Азаттықтың Серб қызметінің хабарлауынша, полиция наразыларды қалқанмен тықсырған. Сербия ішкі істер министрі Ивица Дачич тәртіпті бұзғандар сот алдында жауап беретінін айтты.
Сербияда литий өндірісін арттыруға қарсы митингілер шілде ортасынан бері өтіп келеді. Сербия ІІМ мәліметінше, осы демалыста наразылардың саны 24-27 мың аралығында болған. Наразылықты ұйымдастырушылардың бірі Златко Коканович 10 тамызда үкімет литий өндірісін арттыру жоспарынан бас тартпаса, белсенділер Сербияның тағы бірнеше қаласында пойыздарды бөгейтінін айтқан.
- Шілде ортасында Сербия Еуроодақпен литий тасымалдау бойынша келісімге қол қойған. Келісім аясында шамамен 18 мың адам тұратын Ядар аңғарындағы литий шахталары қайта ашылады. Ақпаратқа қарағанда, Еуропадағы литий қорының 17 пайызы осы аңғарда шоғырланған. Жаңа шахта салу үшін Rio Tinto тау-кен компаниясы аңғардағы елді мекен тұрғындарынан жерлерін сатып алып, халықты ол жақтан кетуге үндеп жатыр. Көбі туған елді мекендерін тастап кетуге қарсы.
- Сербия президенті Александр Вучич наразылықтың саясиланғанын айтып, оны өзі және үкіметке қарсы бағытталған сырттан ұйымдастырылған шара деп атады. Шахталар 2028 жылы ашылмақ.