Ресей қорғаныс министрлігі шекарада украин күштерімен соғыста орыс әскерінің "жеңістері" туралы фейк видео таратты. Бұл жөнінде Insider басылымы жазды.
9 тамызда Ресей қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің Украинаның Сумы облысындағы украин күштеріне жаңадан соққы жасап жатқанын көрсететін видео жариялады. Insider тілшілері аталған ролик бұған дейін 14 шілдеде мемлекеттік ТАСС агенттігінің сайтында жарияланғанын анықтаған.
Осыған ұқсас оқиғаны журналистер бір күннен кейін тағы байқады. 10 тамызда РИА «Новости» агенттігі Ресей қорғаныс министрлігіне сүйене отырып, Курск облысындағы украин әскері мен әскрери техникасына С-13 әуе ракетасымен соққы жасалғаны туралы видео жариялады. Insider басылымының жазуынша, шын мәнінде видеолар Украинаның Донецк және Луганск облыстарында алдын ала түсірілген.
- Украина әскері Ресейдің Курск облысына 6 тамызда кірген. Содан бері аймақта шайқас жүріп жатыр. Украина қарулы күштері бірнеше елді мекенді бақылауға алғанын хабарлады, арасында Суджа қаласы да бар. Ресей билігі мұндай ақпараттарды жоққа шығарады немесе түсініктеме бермейді. Дегенмен Курск облысында федералдық дәрежеде төтенше жағдай жарияланған. Ресей төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде аймақтан 76 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Ресей денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың айтуынша, зардап шеккен тұрғындар саны жүзден асқан. "Агентство" басылымының жазуынша, украин әскері соғысып жатқан аумақта жүздеген ресейлік байланысқа шықпай қалған.