Болгариялық журналист-зерттеуші Христо Грозев батыс елдерінің ақпарат агенттіктерін Ресейдегі барлық тілшілерін қайтаруға үндеді. Грозевтің пікірінше, Кремль журналистерді алдағы уақытта тұтқын алмасу үшін қолдануы мүмкін.
"Қазір Ресейден шынайы ақпарат жеткізу мүмкін емес кезеңінде тұрмыз" дейді Bellingcat тілшісі Грозев болгариялық BNT арнасына берген сұхбатында. Ол Ресейде "тұтқын алмасу қорындағы активке айналу қатері зор болып тұрғандықтан" Батыс ақпарат құралдары тілшілерін қайтарғаны дұрыс деп санайды.
1 тамызда Батыс елдері мен Ресей, Беларусь тұтқын алмасты. Процедура аясында Ресей мен Беларусь түрмесінде отырған 16 адам Батыс елдерінде қамауда отырған 8 адамға алмастырылды. Ресей берген тілшілер арасында The Wall Street Journal тілшісі Эван Гершкович және Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Алсу Құрмашева да болды. Екеуі де АҚШ азаматы.
Грозевтің пікірінше, Ресейде шетелдіктерді қасақана ұстау қатері зорайған. The Wall Street Journal зерттеушілері Гершковичтің ұсталуы Ресей барлау қызметінің қандай да бір жұмысының "нәтижесі емес", алдын ала жоспарланған операция деген қорытындыға келген.
Эван Гершкович Ресейде 2023 жылы наурыз айында Екатеринбургке сапарлап бара жатқан кезде ұсталған. Шілдеде ол тыңшылық бабымен 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алсу Құрмашева 2023 жылы қазанда тұтқындалды. Бастапқыда оған "шетел агенті" ретінде тіркелмегені үшін айып тағылды. Ізінше Ресей әскері туралы "фейк таратты" деп айыпталып, 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Христо Грозев Ресей мен Батыс арасындағы тұтқын алмасу бойынша алдын ала келіссөздерге қатысқан. Ол бұл жөнінде сұхбатында айтты. Грозевтің сөзінше, алмасатын тұтқындар тізімі өзгерген.
"Алғашқы тізім 2022 жылдың басында жасалды. Босатылуы керек ресейлік оппозиционерлердің арасында әрине, Алексей Навальный болды. Ал екінші жақта басты адам Путиннің жеке баскесері Вадим Красиков болды" деді Грозев.
Алексей Навальный қаза болғаннан кейін Грозевтің сөзінше, Берлин тепе-тең алмасудан бас тартқан және Красиковтің бостандығы үшін соғысқа қарсы шыққан барлық танымал ресейлік оппозиционерлерді босатуды талап еткен.
Бұған дейін BBC-дің Орыс қызметіне берген сұхбатында Грозев Ресей мен Батыс елдері арасында жаңа тұтқын алмасу болуы мүмкін деп болжаған.