Google ресейлік YouTube-блогерлер үшін монетизацияны өшірді

Ірі жарнама желісі Google AdSense Ресейдегі жұмысын тоқтатты. Бұл жөнінде Cnews басылымы Google компаниясының ресми хатына сүйеніп хабарлады.

Хатта Ресейде тіркелген барлық аккаунттар өшірілетіні айтылған. Бұл аккаунттар енді монетизациядан табыс таба алмайды.

CNews жазғандай, AdSense'тің Ресейден кетуі – YouTube-блогерлерге ғана емес, басқа сайттарға да кесірін тигізеді. AdSense арқылы жарнама жариялап келген Ресей сайттарының иелері табыссыз қалады.

2022 жылы Ресей Украинада соғыс бастағаннан кейін YouTube ресейлік қолданушылар үшін монетизацияны толық өшірген. Бірақ AdSense Ресейдегі блогерлерге контекстік жарнамадан ақша табуға мүмкіндік беріп келген.

Ресейде қолданушылар YouTube-тың дұрыс істемей тұрғанын 10 тамыздан бастап жаппай айта бастаған. Кейбір қолданушылар сайт Ресей аумағында компьютерлерде және мобильді құрылғылардан да ашылмай қалғанын айтты. Бұған дейін "Ростелеком" "Google-дың Ресейдегі серверлері тозғандықтан" YouTube-тың жұмысы баяулауы мүмкін екенін ескерткен. Ізінше Google видеохостингтің істемей қалғандығына қатысы жоғын мәлімдеді.

Бұған дейін "Единая Россия" партиясының депутаты Александр Хинштейн "Ресейге қарсы саясаты үшін" Youtube-тің жұмысы 70 пайыз бәсеңдеуі мүмкін деп болжаған. "Медузаның" жазуынша, Ресей билігі Youtube-ты секундына 128 килобитке дейін бәсеңдеткен.