Қызылорда облысының тергеу соты "16 жастағы қызды жарты жыл жыныстық құлдықта ұстады" деп күдікке ілінген төрт адамды үйқамаққа босатты. Бұл жөнінде сот өкіліне сүйенген The Village сайты жазды.
Ақпаратқа қарағанда, жәбірленуші жақ күдіктілерді босату туралы шешімге шағым түсірген.
"Қазір тергеу сотының қаулысына жәбірленуші жақ шағым түсірді және қазір қаралып жатыр. Қалған тараптар қаулыға шағым түсірген жоқ" деп сот өкілі Нұргүл Нұрбайқызы "Немолчи" қорының Facebook-тағы жазбасына пікір қалдырған.
Бірнеше күн бұрын "Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Қызылорда облысында "16 жастағы қызды сыныптастары жарты жыл жыныстық құлдықта ұстағанын" жазған.
Қордың мәліметінше, күдіктілер "қыздың телефонын тартып алып, оның ата-анасына қысқа хабарламалар жіберіп отырған". Оның жалаңаштанған видеоларын туыстары мен достарына жібереміз деп қорқытқан. Қыздың өзіне жақындарын өлтіреміз деп тұрақты түрде қоқан-лоқы жасап, қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша "Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке тарту" (134-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Дегенмен істің мән-жайына қатысты түсініктеме бермеген.
Қор өкілдері күдіктілерді үйқамаққа босату зәбір көрген қыз бен оның отбасына қауіп төндіруі мүмкін дейді.
12 тамызда "Немолчи" қорының жазбасына аймақтағы бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл пікір қалдырған.
"Аймақтағы бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде зардап шеккен жасөспіріммен және оның анасымен кездестім. Баламен психолог мамандар сөйлесті. Мектеп дирекциямен анықталғандай, бала оқу процесін үзбеген және мектепке тұрақты түрде келген. Баланың анасымен тұрақты байланыс бар және қажетті көмектер толыққанды жасалатын болады. Денсаулығына қатысты дәрігерлердің тексерісінен де өтіп жатыр. Іске қатысты құқық қорғау органдары тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Мәселе бақылауымызда" деп жазды Жақсыгүл Қоханқызы.