Қызылорда облысында "16 жастағы қыздың жыныстық құлдықта болғаны" жөнінде қылмыстық іс тергеліп жатқан шақта ішкі істер министрлігі (ІІМ) "Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша тексеріс басталғанын хабарлады.
Мекеме мәліметінше, бұл іске байланысты әлеуметтік желілерде көптеген жалған ақпарат тарап жатыр. Ведомствоның айтуынша, қолданушылар "істің жай-жапсарына қанықпай жатып" жалған ақпарат таратып жатыр. Министрлік нақты нені жалған ақпарат деп атап отырғанын нақтыламады.
ІІМ хабарлауынша, бұл іс бойынша қамалған кәмелетке толмаған жасөспірімдер сот шешімі бойынша үйқамаққа шығарылған. Полицияның түсіндіруінше, жәбірленуші тарап алты айдан бері арызданған емес. Қазір іс бойынша сараптама дайындалып, "жан-жақты, объективті тергеу жүріп жатыр" деді ІІМ.
Бұдан бөлек айыпталушылардың ата-анасына "Бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс ашылып, тергеу жүріп жатқаны хабарланды.
Бірнеше күн бұрын "Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Қызылорда облысында "16 жастағы қызды сыныптастары жарты жыл жыныстық құлдықта ұстағанын" жазған.
Қордың мәліметінше, күдіктілер "қыздың телефонын тартып алып, оның ата-анасына қысқа хабарламалар жіберіп отырған". Оның жалаңаштанған видеоларын туыстары мен достарына жібереміз деп қорқытқан. Қыздың өзіне жақындарын өлтіреміз деп тұрақты түрде қоқан-лоқы жасап, қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.