Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды жалпы құны 50 млрд теңге болатын активті мемлекетке қайтарады. Бұл жөнінде 15 тамызда бас прокуратура хабарлады.
Қазірге дейін 18 миллиард теңгесі қайтарылған деп санауға келеді дейді олар.
Олардың қатарында Алматыдағы екі ірі бизнес-орталық және Астанадағы коммерциялық ғимарат пен элиталық үй бар.
Сатыбалдыдан тәркіленген 95 мың доллар арнайы қорға аударылған деді ведомство.
"Одан бөлек, құны жүздеген миллион теңге болатын зергерлік бұйымдар, қымбат сағаттар, сирек кездесетін құнды заттар, коллекциялық монеталар және өзге де құнды заттар (жалпы саны 174 атау) мемлекетке қайтарылды. Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңге болатын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы қымбат көліктер қайтарылды" деп жазылған хабарламада.
Ведомство Сатыбалды мен оның жақындарына тиесілі жалпы құны 33 млрд теңге болатын шетелдегі мүліктер қазір қайтарылып жатқанын айтты.
Олардың қатарында: құны 20 млрд теңге болатын Дубайдағы екі қымбат вилла; құны 4 млрд теңге болатын Францияның теңіз жағалауындағы элиталық төрт пәтер, Мәскеудің беделді аудандарында құны 5 млрд теңге болатын 15 жылжымайтын мүлік, құны 4 млрд теңгеден астам Бодрум мен Стамбулдағы екі элиталық вилла мен пәтер бар. Биліктің түсіндіруінше, 2,5 жыл ішінде Сатыбалды өзге істерді қосқанда мемлекетке жалпы 783 млрд теңге қайтарған.
Ведомство мәлімдемесінде бұл жұмыстың барлығы Сатыбалдының кінәсін мойындағаны және заңсыз алынған мүлікті қайтару жөніндегі процессуалдық келісімнің талаптары аясында жүргізіліп жатқанын атап өтеді.
Бас прокуратураның мәлімдемесіне реакция білдірген мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "оны ерте босатуға әзірлеп жатыр ма әлде тұтас рақымшылық жасайын деп отыр ма?" деді.
"Оның ұрлаған активтерді өз еркімен қайтарып жатқаны жақсы. Бірақ ол активтердің мемлекет қазынасына түсетіні қаншалықты рас? Бізде қандай таңдау бар: сену немесе сенбеу. Себебі қайтарылған активтер жинақталатын 100 пайыз үкіметке тиесілі компанияға қоғамдық бақылау жоқ" деп жазды Ермұрат Бапи әлеуметтік желіде.
Осы аптада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сатыбалды қайтарған активтерді санамалап көрсеткен. Антикордың ресми хабарламасында Қайрат Сатыбалды мен оған қатысы бар тұлғалар мемлекетке 732,8 миллиард теңге (1,6 млрд доллар) қайтарылғанын хабарлаған. Әлі қаншасы қайтарылмағаны антикор хабарламасында жазылмаған.
Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы наурызда қамалды. Ол осыған дейін "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған. Қаңтарда билік Қайрат Сатыбалды мемлекетке 650 млрд теңге қайтарғанын хабарлады.
Қайрат Сатыбалды Назарбаев президент болып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.
Сатыбалды Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің кадрлық қызметіне жетекшілік еткен. "Qazaq oil", "Қазақстан темір жолы" компанияларының вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен билік партиясының хатшысы болды. Қамалғанға дейін Қайрат Сатыбалды бірнеше коммерциялық компанияға жетекшілік етті, "Қазақтелеком" компаниясының акцияларына иелік еткен.