Украина қарулы күштерінің бас командиры Александр Сырский Ресейдің Курск облысындағы 82 елдімекен (аумағы 11500 шаршы шақырым) Украина бақылауына өтті деп мәлімдеді. Сырский бұл туралы бүгін, 15 тамызда Украина президенті Зеленскиймен кездесуде айтты.
Ол Курск облысында бірінші әскери коментатура құрылғанын, оны генерал-майор Эдуард Москалев басқаратынын жеткізді.
Украина 6 тамызда күтпеген жерден Ресейдің Курск облысына басып кірген. Кеше, 14 тамызда Украина әскері Курск облысындағы 74 елдімекенді бақылауға алғанын айтқан еді. Украина президенті Владимир Зеленский қолға түскен ресейлік сарбаз көп екенін мәлімдеген.
Ал Курск облысының билігі 13 тамызда Ресей президенті Владимир Путинге Украина әскері тек 28 елдімекенді бақылауда ұстап отыр деді. Бұдан кейін Ресей тарапынан қанша елдімекен Украина бақылауында екені айтылған жоқ.
Ресейдің "Ахмат" әскери бөлімінің командирі Апти Алаудинов 14 тамызда "Украина егер бір елдімекенге 20-30 солдаты кірсе сол жерді бақылауға алдық деп ойлайды. Бірақ Украина әскері ол жерді біз келіп, қысып, қуып шыққанға дейін ғана бақылауда ұстайды. Біз мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық" деп сес көрсеткен еді.
Соғыс уақытында екі тараптың жасаған мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтан я армяннан көмек сұрамақсыз ба?" Ресей ҰҚШҰ-ға қолқа сала ма?