Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева АҚШ-тағы Cincinnati Open атты беделді турнирдің үшінші турына өтті.
Жарыстың екінші кезеңінде Путинцева әлемнің екінші ракеткасы, осы турнирдің чемпионы атағы бар америкалық спортшы Кори Гауффты жеңіп кетті. Екеуінің ойыны 6:4, 2:6, 6:4 есебімен аяқталып, қазақстандық теннисші бәсекелесінен басым түсті.
"Теннисшілер бір сағат 54 минут бойы сайысты. Оның барысында қазақстандық спортшы бірде бір рет эйс жібермей, қосарлы қателік жасамай, сегіз пойнттың бесеуін іске асырды", – деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі.
Путинцева енді Cincinnati Open турнирінің ширек финалына шығу жолында испан теннисшісі Паула Бадосамен кортта кездеседі.
Ресей тумасы Юлия Путинцева он жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан азаматтығын алған. Биыл Париждегі жазғы олимпиада ойындары басталар сәтте Путинцева оған қатысудан бас тартқан. Қазақстан теннис федерациясы Путинцева жаттығу кезінде жарақат алғандықтан олимпиадаға қатыса алмайды деген ақпарат таратқан.
Қазақстан азаматтығын алған тағы бір ресейлік теннисші Елена Рыбакина да Париж олимпиадасына қатысқан жоқ. Ол денсаулық жағдайына байланысты "дәрігерлер кортқа шығуыма рұқсат етпеді" деп түсіндірді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Олимпиададан бас тартқан Рыбакина жанкүйерлер сынына қалды. Теннисші "ауырып қалғанын" айтады