АҚШ Украинаға F-16 әскери ұшағына арналған, өте алысқа жететін JASSM қанатты ракетаны беруді қарастырып жатыр деп жазды Politico. Басылым бұл ақпаратты президент Джо Байденнің әкімшілігіндегі шенеунік пен осы мәселе бойынша талқы барысынан хабардар тағы екі дерек көзіне сүйеніп таратты. Киев F-16 әскери ұшақтарының алғашқы партиясын жақында алған.
Егер осы қанатты ракеталар өзіне берілсе, онда Украина әуе күштері 300 шақырымнан астам қашықтағы нысаналарға шабуыл жасау мүмкіндігіне ие болады деп жазды Politico.
Украинаға бұл ракеталарды беру жөнінде түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бірақ қазір Ақ үй осы мәселенің "күрделі жайттарын" пысықтап жатыр деген басылым сөйлескен адам. Нақтырақ айтқанда, озық технологияларды беруге байланысты тексеру жөнінде сөз болып отыр.
Пентагон өкілі Вашингтон "Украинаның қорғаныс саласындағы қажеттігін қанағаттандырудің бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр" деп айтқанымен, одан басқа еш ақпарат бермеді.
Басылым дерегінше, Конгресс мүшелерінің бір тобы президент әкімшілігінен Украинаның АҚШ берген қарумен Ресей аумағына шабуылдау мүмкіндігіне қойылған шектеуді босаңсыту керек деп жүр.
Бұған дейін Батыс елдері Киевке 79 америкалық әскер ұшақ беруге уәде еткен, екі апта бұрын Украина солардың алғашқы партиясын алды. The Telegraph басылымының дерегінше, алғашқы әскери ұшақтар Украинаға келгеннен кейін, көкке көтеріліп, әуе шабуылынан қорғанатын "әуе – әуе" класындағы ракеталарды қолданған.
The Wall Street Journal газеті өз дерек көзіне сүйеніп, Вашингтон Киевке "әуе – әуе" класындағы AIM-120C-8 AMRAAM және AIM-9X ракеталарын, оған қоса "әуе – жер" класындағы AGM-88 HARM ракетасын бермекші деп жазды. Басылым дерегінше, F-16 ұшағына арналған бұдан өзге де "қазіргі заманғы қару-жарақ" берілмек.
"Жер - әуе" класына жататын JASSM (Joint Air-to-Surface Standoff Missile) ракетасы асқан дәлдігімен ерекшеленеді. Оқтұмсығы 450 келіге жуықтайтын бұл ракета 926 километр (модификациясына байланысты) қашыққа дейін жете алады. АҚШ мұндай ракеталарды әскери ұрыс-қимылға өте сирек қолданған. Қазір Польша, Австралия мен Финляндия қарулы күштерінде JASSM ракеталары бар, биыл шілде айында Жапония мен Нидерланд елдері ракета сатып алу туралы келісімге қол қойғаны мәлім.