16 тамызда Ақтөбе облысының Ембі қаласындағы №3 кәріз суын сорғылау станциясында екі жұмысшы қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға түскен. Бір-бірін құтқарамын деп жүріп уланып қалған жұмысшыларды кәріз құдығынан төтенше жағдай қызметкерлері сағат 12-ге таман алып шыққан.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, метаннан уланған екі жұмысшы қазір Ембідегі аурухананың соматика бөлімшесінде жатыр. "Жағдайлары қанағаттанарлық, оларға дезинтоксикациялық терапия жүргізілуде" деп хабарлады басқарма.
"Ембі жылу" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты станцияда үш күннен бері жоспарлы жөндеу жұмысы жасалып жатқан. Жұмыс орнында қаза болған екі жұмысшы да 58 жаста. Полиция "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабымен іс қозғады.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы Ембідегі оқиғадан соң арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. "Ембі жылу" коммуналдық мекемесінде еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталғанын осы комиссия анықтауы тиіс.
Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының мәліметінше, аймақта биыл осымен 8 адам жұмыс орнында қаза тауып, 43 адам зардап шеккен.