Армения Мәскеу сынынан соң тарих оқулығын түзететін болды

Армениядағы 8-сынып оқушыларына арналған тарих оқулығының мұқабасы.

Армения билігі Ресей сыртқы істер министрлігінің сынынан соң армян мектептеріндегі 8 сыныптарға арналған тарих оқулығына түзету енгізеді. Бұл туралы Армения білім министрлігіне сілтей отырып ресейлік ТАСС агенттігі хабарлады.

"Авторлары редакциялауға ұсыныс білдірді, сөйтіп жақын арада өзгеріс енеді" деген армян министрлігі.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі оқулық "Ресейдің ерекше рөліне күмән келтіреді" деп сынаған. Ресей министрлігі армян оқулығында "18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың басында Оңтүстік Кавказда болған оқиғалар бұрмаланған" деген.

Министрліктің мәлімдеуінше, "Шығыс Арменияны Ресейге мәжбүрлеп қосу" дейтін бөлімде Түркіменчай келісімі жайлы айтылған. 1826-1828 жылдары Ресей мен Иран арасында соғыс болып, соңы осы келісіммен аяқталған дейді авторлар. Осы келісім аясында Солтүстік Армения жері Ресейге өткен.

"Түркіменчай келісімін Шығыс Арменияның "аннексиясы" деп атаған. <…> Бүгінгі Арменияның қалыптасуында Ресей империясының, кейінірек Совет Одағы мен Ресейдің рөліне күмән келтіру – жалпығу мәлім фактілерге қарсы шығу деген сөз. Әңгіме ортақ тарихымызды ұялмастан қайта жазудың кезекті әрекеті туралы" деді Ресей сыртқы істер министрлігі.