Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасынан алты адам мерт болды. Оның екеуі полиция қызметкері. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі хабарлады.
Toyota Alfard минивені мен полицейлер мінген Skoda Octavia көлігі Мерке – Шу – Бурылбайтал күре жолында соқтығысты деп хабарлады министрлік. Салдарынан сегіз жолаушысы бар Toyota көлігі өртке оранған. Төрт жолаушы оқиға орнында бірден жан тапсырған. Көлік жүргізушісі мен үш жолаушы ауруханаға түскен.
"Апат салдарынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүрген қызметтік көліктегі екі патрульдік полиция қызметкері қаза тапты. Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің бірі 11 бала тәрбиелеп отырған көп балалы әке" делінген баспасөз хабарламасында.
Ulysmedia порталының жазуынша, қаза тапқан екі полицейдің бірі – 47 жастағы капитан Ғалым Арыстанбаев. Ол жұбайы екеуі үш бала тауып, сегіз бала асырап алған.
Полиция оқиға бойынша "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бабымен сотқа дейінгі тергеу бастаған.