Түркия парламентінде ондаған депутат төбелесіп қалды. Дауға оппозиция депутаты Жан Аталайдың мандатын қалпына келтіру жайлы талқы түрткі болған. Дау-дамай қалай өрбігенін британиялық Guardian газеті сипаттады.
"Аталайды террорист деп атап жүргендеріңіз таңғаларлық емес. Азаматтарымыз елдегі ең үлкен террорист осы орындықтарда отырғандар екенін білуге тиіс", – деген мінберден Аталайдың партияласы Ахмет Шик парламентте билік құрып отырған көпшілікті меңзеп.
Билік партиясының өкілі әрі бұрынғы футболшы Алпай Өзалан бұл сөзді қорлау деп санап, мінберде тұрған Шикті итеріп жіберген. Шик құлап түскенде билік партиясындағы өзге депутаттар оны соққыға жыға бастаған. Қақтығысқа өзге де депутаттар қосылып кеткен.
Төбелес жарты сағатқа ұласып, екі депутат басынан жарақат алған, еденде қан іздері қалған.
Кикілжіңнен соң депутаттар дауыс беруге оралып, қамауда отырған Аталайдың мандатын қалпына келтіруден бас тартты.
Парламент спикері төбелес бастаған екі депутатқа санкция қолданатынын айтты.