Беларусь әскерінің үштен бірін Украинамен шекараға шоғырланды. Бұл жөнінде осы елдің авторитар билеушісі Александр Лукашенко мәлімдеді. Ресейдің "Россия-1" мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында ол Минскінің мұндай қадамға баруына Киевтің "Беларусьпен шекарада 120 мыңнан астам сарбаз ұстап тұрғаны аздай, қосымша әскер әкелгені" себеп болды деп айтқан.
Лукашенконың сөзінше, Киев шекараға қосымша әскер күшін Беларусь армиясы ресейліктермен бірге Гомель жақтан Украинаға шабуылдауы мүмкін деген қауіппен апарған. Кейін Киев те, Минск те "120 мыңнан асатын" сарбаздарын шекара маңынан әкеткен. Шекараның екі жағында да Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін сол жаққа орналастырылған әскер күші ғана қалған.
Украина қарулы күштерінің Ресейдің Курск облысына жасаған шабуылы жөнінде Лукашенко Украина шамасынан артық әрекетке барып, қателік жасап отыр деген. "Әскер мен Путин өздері өлсе де, ол жақтан украин әскерін жайпап кетеді" деді ол.
Бұған қоса, Лукашенконың сөзінше, Украина "денацификация" кезеңінен өткен. "Сіз кейде нацистер жайлы айтасыз. Ол жақта ендігі нацистер жоқ. Украинада денацификация жасалды. Әйткенмен бірнеше шектен шыққан нацист қалған, бірақ олар қазір тренд емес ", – деген ол.
Лукашенко Мәскеу мен Киев келіссөз бастағаны абзал деп санайтынын айтқан.
Бұған қоса ол мемлекет басшысы қызметінен кетуге Беларусь халқын дайындап жатырмын деп мәлімдеді.
"Жұрт міне бар ғой, басқа ешкім емес деген үйренген. Бұл дұрыс емес. Мен адамдарды осыған [президент қызметінен кетуге] дайындап жүрмін, әлдебір нәрседен көңіл қалғанын немесе сәтсіздікке ұшырағанын қаламаймын", – деп мәлімдеді Лукашенко.
Бұған дейін Украина Курск облысына 6 тамызда бастаған шабуыл Киевке Ресеймен келіссөз бола қалған күнде ұтымды позиция ұстануға септеседі деп мәлімдеген. Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Курск облысындағы шабуылынан кейін диалог жүргізудің қисыны жоқ деген.
Жақында америкалық The Washington Post басылымы Ресей мен Украина Қатардың араағайын болуымен Дохада тамыз айында жанама түрде келіссөз жүргізуге тиіс еді, бірақ Украина күштерінің Курск облысындағы шабуылынан кейін ол белгісіз мерзімге шегерілді деп жазған. Басылым дерек көздерінің айтуынша, тараптар энергетикалық инфрақұрылымдарға шабуыл жасауды доғару туралы өзара келісімге келуді талқыламақшы болған.
Украина қарулы күштері Курск облысында шабуыл бастағаннан кейін Ресей делегациясы кездесуді кейінге қалдырып, Киевтің әрекеті жағдайды "шиеленістіріп отыр" деген. Украина тарабы өз делегациясын кез келген жағдайда Дохаға жіберуге әзір екенін айтып, ынта танытқанымен, Қатар біржақты кездесу өткізуден бас тартқан деп жазады басылым.
Ресей сыртқы істер министрлігі The Washington Post басылымының ақпаратын жоққа шығарды. "Ресей мен Киевтегі режим арасында азаматтық нысандар инфрақұрылымының қауіпсіздігі жөнінде ешқандай тікелей немесе жанама түрде келіссөз болған емес және жүргізіліп жатқан жоқ", – деп мәлімдеді Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова.