Ыстықкөлде сел болып, бірнеше ауылда жүзден астам үйді су басты

Ыстықкөл облысындағы сел.

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында сел болып, бірнеше ауылда жүзден астам үйді су басты. Бұл жөнінде Қырғызстан төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құтқарушылардың мәліметінше, табиғи апаттың салдарынан Булан-Соготту, Корумду, Темировка ауылдары мен "Ыстықкөл Аврора" пансионаты зардап шеккен. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, бәрінен көбірек зардап шеккен Темировка ауылында жүзден астам үйге су кірген. Облыста бірнеше жол жабылған.

Президенттің облыстағы уәкілі Ұланбек Далиев 19 тамызда сел болған ауылдардағы жағдайды бақылауға алу үшін облыстың азаматтық қорғаныс жүйесі мен күштері тартылатынын айтты.

18 тамызда жауын-шашынға байланысты Шолпан-ата қаласындағы Тоғыз бұлақ каналы арнасынан асып-тасуы мүмкін екені хабарланған еді.

2024 жылдың басынан бері Қырғызстанда селдің салдарынан 25 адам қаза болған. Бұған дейін елдің оңтүстігіндегі – Ош, Жалалабад, Баткен облыстарында су тасып, сел жүрген. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы алты айда табиғи-техногенді апаттардан 1 млрд 900 млн сом шығын келген.