19 тамызда Алматыда белсенді Мейірхан Әбдіманаповты полицияның ұстап әкеткені хабарланды. Дүйсенбі түске дейін Facebook-та жарияланған видеода өздерін “Алатау аудандық ішкі істер басқармасының қызметкеріміз” деп таныстырған бірнеше полицей белсендіні ұстап алып кетпек боп тұрғаны көрінеді.
Белсенді олардан арнайы құжат сұрайды, бірақ видеоға қарағанда олар тек қызметтік куәліктен басқа ештеңе көрсетпегенге ұқсайды. Кейін полицияның белсендіні күштеп ұстап тұрғаны көрінеді.
Қазір белсендінің телефоны сөндірулі тұр. Алатау аудандық полициясының кезекші бөліміндегілер Азаттыққа мұндай адам ұсталмағанын айтты.
Өткен аптада Алматыда өткен АЭС бойынша жария талқыда белсенділер жиынның "талқылау" емес, АЭС насихатына ұқсап кеткенін айтқан еді. Олар талқыда АЭС-тің пайдасы ғана айтылып, кемшілік пен қатері айтылмады деп наразы болған. Сол кезде белсенді Мейірхан Әбдіманапов жиынды "АЭС-тің жарнамасы" деп атап, айқайлаған еді.
Бұған дейін жария талқы Қазақстанның 19 қаласында: Алматы, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Өскемен, Семей, Талдықорған және өзге қалаларда өткен. Экологтар мен белсенділер өзге қалалардағы талқылаулардың да біржақты өткенін айтып сынаған.
Қазақстанның барлық өңірінде жария талқы өткен соң АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін айтқан. Бірақ әзірге референдум күні белгіленген жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "АЭС жарнамасы" мен "тұрақты энергияға мұқтаждық". Алматыдағы қоғамдық талқы қалай өтті?