Маңғыстау облысында рұқсатсыз мұнай өндірген компанияға айыппұл салынды

Иллюстративное фото

Маңғыстау облыстық прокуратурасы “тиісті рұқсат алмай” жұмыс істеген жергілікті компанияға 7,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын хабарлады.

“Жалғызтөбемұнай” ЖШС биыл 1-11 қаңтар аралығында рұқсат қағазынсыз мұнай және ілеспе газ өндірген.

“Прокурорлық қадағалау актісі бойынша, аталған компания Әкімшілік кодекстің 328-ші бап 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды” деп жазылған хабарламада.

Оның ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, аталған компания “Корпорация модульная технология” және “Позитив ойл” компанияларына тиесілі.

Бозащы түбегінің солтүстік-батысындағы “Жалғызтөбемұнай” кенішін игеріп жатқан компания жұмысшылары биыл мамыр мен маусымда құқықтарының бұзылғанын айтып, наразылық акциясына шыққан.