Қазақстан су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, Астана мен Пекин үкіметаралық келісім жобасын әзірлеп жатыр. Екі мемлекеттің мамандары кіретін бірлескен жұмыс тобы құжатты әзірлеумен айналысады деді министрлік.
"Келісім жасаудағы негізгі міндет Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету" деп жазылған 19 тамыз күнгі хабарламада.
Ведомствоның айтуынша, жыл басынан бері көлге 12 млрд текше метрден астам су жіберілген.
Кейінгі кезде Балқаштың тартылып бара жатқаны жиі айтылып жүр. Қазір Балқаш деңгейі Балтық деңгейімен есептегенде 341 метр белгіде тұр. Бұл − минимал меже. Одан әрі түссе, көл апатқа ұшырайды.
Биыл мамырда Балқаш қаласында өткен су форумында Қытаймен су бөлінісінде "Қазақстан өз мүддесін қорғай алмай отыр" деген пікір айтылған еді. Кейбір мамандар Қытаймен келіссөз бойынша жұмыстарға жүйелілік жетіспейтінін, келіссөзге қатысатын комиссия құрамы жиі ауысатынын сынаған.
Ал су ресурстары және ирригация министрлігі “Қытайда ешбір мемлекетпен келісім болмаған, тек осы Қазақстанмен сондай келісім бойынша жұмыс істелініп жатыр” деп келісімнің бітуіне аз қалғанын меңзеген.
Қазақстан мен Қытай арасында 20-дан астам трансшекаралық өзен бар.